Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Акмолинская область

Ауғанның отты жылдары

Ауғанның отты жылдары

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл майдан енді есейген бозбалаларға бауырдың жақындығын, жүректің батылдығын, бейбіт күннің қадірін бірден ұғындырды. Әскерлік жасқа іліккен жастар бір-екі ай әскери әзірліктен өтіп, қолдарына қару алып жауға қарсы шығуға мәжбүр болды. Жастық шағының екі жылын Ауған жерінде от пен оқтың арасында өткізген жандар қаншама десеңші?! Батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетіп, өмір мен өлім белдескен қанды шайқаста ауыр аманат арқалаған жерлестеріміздің бірі – Қадырбаев Болат Қалиұлы болатын.

Болат Қалиұлы 1962 жылы бұрынғы Балқашин ауданы, Заботное ауылында туып өскен. Мектеп қабырғасын енді аттаған бозбала 1980 жылы 25 қазанда әскер қатарына алынып, Чарджау қаласына аттанады. Сол жерде әскери әзірліктен өтіп, сол жылы желтоқсан айында ұшақпен Ауған жерінің Кабул қаласынан бірақ шығады. Осылайша жалындап тұрған жастық шағында жат елге жол тартқан Болат Қалиұлы үшін үш ұйықтаса түсіне кірмеген Ауған соғысына тап болады.

Интернационалдық борышын Ауған жерінде жалғастырған кейіпкеріміз Кабул, Құндыз, Пули-Хумри, Баграм және тағы да басқа жерлердегі ұрыстарда болып, небір қиыншылықтарды басынан өткереді. Ауғанның жазы ыстық, қысы қара суық, күндіз құмды боран, түнде дұшмандардың оқ жаудырып жатқаны әлі де көз алдынан кетер емес.

- Ең ауыры от пен оқтың ортасында жүріп, жастық шағының дәмін енді татқан қарулас достарының сұрапыл соғыстың кесірінен уақытынан бұрын көз жұмғаны жаныңа тастай батады. Жаудың қай жақтан шап беріп, ажалың қай мезетте құшады деген қорқыныш жаныңа маза бермейді, – дейді ардагер.

Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін майданда өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралған Болат Қалиұлы көптеген жылдар бойы ішкі істер министрлігінде адал еңбек етеді.

Қазіргі таңда Болат аға – Көкшетау қаласының тұрғыны. Тиісті зейнеткерлік демалыста. Құдай қосқан жарымен бір шаңырақ астында үш бала тәрбиелеп, үш немере сүйіп отырған жайы бар.

Бейбіт күннің қадірін ұғынып, жүрегіне қаяу салған Ауған жерінің отты жылдарын күрсіне еске алған ардагер соғыстың болмауын тілейді.

 

Другие новости